ru kz

Шаңырақ келбеті № 1


Қастерлі «Шаңырақ келбеті» қолыңызда!

      Қазақ үшін ең қастерлі ұғымдардың бірі – шаңырақ.
Шаңырақ киіз үйдің күмбездік ұлттық қасиетін сақтап тұрады. Сонымен қатар, «Қарашаңырақ» атауы сол киіз үйге деген ескілік көзқарас тудырумен қатар, қасиеттілік күш-қуат та бере алатыны сөз. Бұл сөз үй иелерінің тамырларының терең, ру басы бабалар тарихымен астасып жатқандығының және олардың ата дәстүрін жалғастырып келе жатқан адамдар екенінің бір белгісі. Қазақ халқының бақ-берекесі, ынтымағы мен ырысы осы шаңырақта.
      Алаштың анасына айналған Сыр елі – өз алдына қастерлі шаңырақ. Қазақтың қаймағы болған біртуар тұлғаларын өмірге әкелген Сыр-Ана түбі бір түркінің ортақ бабасы Қорқыт, әнші Роза Бағланова, халық шығармашылығын зерттеуші ғалым Мардан Байділдаев, ақ күріштің атасы Ыбырай Жақаев, ҚазССР мемлекет қайраткері Темірбек Жүргенов, халық әртісі Сәбира Майқанова, қабырғалы қаламгер Әбдіжәміл Нұрпейісов, спорттан қазақ елін әлемге танытқан жас Илья Ильин тәрізді алыптарды өмірге әкелген.
     Қазақтың шаңырағы киіз үйдің барлық жабдықтарын бір жүйеге топтастырып, ең биігінде тұрады емес пе?! Ол уық пен керегені біріктіріп, ауызбіршілікті меңзеп тұр. Осындайда «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген тәмсіл ойға оралып, кереге – халық, уық – билік, ал, шаңырақ барша халықты біріктіріп, елге ана да, пана да болып отырған Қазақстанды көз алдыңызға келтіреді. Қолыңызға алып отырған «Шаңырақ келбеті» журналы да ел бірлігін насихаттап, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты жаңғыртып, халықтың кәдесіне жарайды деп сенім білдіреміз.
13 июль 2017 г. 2 884