Алтын ұя
Сыр - Алаштың анасы болған қара шаңырақ. Бұл - көненің көзі, мәдени мұралардың асыл көмбесі, тарихты қойнауына бүккен, талай тарланды қанаттандырған - Қызылорда. Қазақтың байтақ даласына қарап Тәңірінің өзі қазаққа пейіліндей дархан, көңіліндей кең атырапты сыйға тарта салған-ау деп тамсанасың. Алтай мен Алатаудың арасын алып жатқан құлан даланың қай тұсын болмасын, Жерұйық дерсің...Сыр елі де - сырлы да жырлы қасиетті мекен.
Түгін тартсаң майы шығатын Сырдария өңірі талай біртуар перзенттерді дүниеге әкелген. «Орда.кз» бас-па үйінің бастамасымен жарыққа шығып отырған «Алтын ұя» ақпараттық-таныстырылым альманағында осы өлкенің арда азаматтарының өмірі мен тыныс-тіршілігі жайлы мәйекті жазылған.
Алтын ұя... Әрбір жанның жарық дүние есігін ашқанда, қорғаныш болар, күннің ыстығы мен суық ызғарынан сақтаған, жүректе әркез жылу оятар, өніп-өскен ұяның ғасырлар бойы құнын жоғалтпаған, байлық пен дәулеттің белгісіне айналған ең бағалы алтын атауына теңестірілуі тегін емес.
Алтын ұя – ел тұтастығының ажырамас бөлігі. Мемлекетіміздің тұрақтылығы мен алып бәйтеректей жапырағын кеңге жайып, кемелденіп, өсіп-өркендеуі де алтын ұядан түлеп ұшқан алтын жүректі перзенттеріміздің үлесінде. Отбасылық жәдігер ретінде ұзақ жылдар бойы сақталар «Алтын ұя» ақпараттық-таныстырылым альманағында жарық көрген ұлағатты тұлғалар, өскелең ұрпаққа өнімді өнеге берер өмір жолымен, парасаттылығымен күллі адамзат қоғамының тыныштық пен берекеде өмір сүруі үшін үздік үлгі көрсетері сөзсіз.