ru kz

Наследие Казахстана № 1

     Ұлы Қазақия елі ол әр адамның өз үйінің табалдырығынан бастау алады. Содан соң шетсіз, шексіз қияға өрлеп кете барады. Оның жұпар атқан жусаны, кеудеге құйылған мөлдір ауасы, жотаға өрлеген жалғыз аяқ жолдары туған жердің көрінісі.
     Қазақтың хас батырлары найзаның ұшы, білектің күшімен жанын қиған өлкеде талай дүлдүлдер нәр алып жаралған. Қазақстан дегенде ойымызға ақ сақалды, ақ шапанды қария, бақыттан жүзі бал-бұл жанған балдырған, шолпысы сылдыр қаққан ару оралады.
     Құрметті оқырман! Қасиетті Сыр елінің ақпарат айдынында өздеріңізге жол тартып, қолдарыңызға тиіп отырған «Наследие Казахстана» атты қазақ және орыс тілдерінде жарық көретін республикалық іскерлік журналымыздың басты мақсаты - туған жер деген құт мекенді қастерлеп, оның көркеюіне аянбай тер төккен перзенттерінің еңбегі,
қажырлылық пен қайсарлықтары, жомарттық пен ақпейілділігін насихаттау болып табылады.
      Қасиетті Қазақстан! Бойымыздағы бар жақсы қасиеттеріміз үшін саған қарыздармыз. Осынша сұлулыққа бөленуіңе әсер еткен қандай күш деп толғанамын. Ойлана келе әрбір бұтаның, егістегі тербелген дән сабағының, жайлаудағы әрбір төрт түліктің, әрбір жеміс ағашының бойында еліміздің төл перзенттерінің, ағаларымыз бен інілеріміздің күш-жігері мен төгілген терінің шежіресі барлығын ұғамын.
Осынау күн дидарлы, нұрын шашқан кең байтақ өлкеде жүздеген ұлт өкілдері тұрады. Халқының ерлігі еңбекте, арманы әнінде, қуанышы күйінде, бақыты бауырмалдығында, жасампаздығы жарқын істерінде деп түсінемін. Тәуелсіздікке қол жеткізген ширек ғасыр ішінде еліміздің тарихында бұрын-соңды болмаған саяси, әлеуметтік, мәдени, тарихи жетістіктерге қол жеткізуі де осы ел мұрагерлері, ер азаматтарымыздың арқасы. Бүгінде Қазақстан атты алып мемлекетті бүкіл әлем таниды. Қазақстанның болашағы зор екеніне кәміл сенімдіміз. Өйткені біздің елімізде татулық та, достық та, байлық та бар.
     Сондықтан да «Наследие Казахстана» республикалық іскерлік журналы ер азаматтарымыздың елеулі еңбегін, елге үлгі болар келелі істерін, олардың отбасылық құндылықтарын көпшілікпен бөлісе отырып, өрнектеп, сараптап қалың оқырманға жеткізеді.
Құрметті оқырман, біздің басылымды оқыңыз, бағалаңыз!


 


 

03 август 2017 г. 2 637