Қазақстан адвокаттары
Теодор Рузвельттің: «Заңнан жоғары немесе төмен тұратын адам жоқ. Заңға бағыну талап етіледі, ол мейірімділік ретінде сұралмайды», – дегенін сотқа жүгінген әр адам қаперінде ұстағаны жөн-ақ. Конституциямызда белгіленгендей, еліміздің ұстанған жолы – құқықтық мемлекет құру, оны одан әрі өркендету. Бірінші кезекте азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын мінсіз қорғау десек, оның ең басты көрсеткіштерінің бірі – сот қызметінің ашықтығы және жариялылығы болмақ.
Әрбір азамат өз құқығы бұзылып жатса, міндетті түрде өзіне адвокат (қорғаушы) іздейтіні заңдылық. Қазіргі таңда адвокаттарға жүгінетіндер саны күн санап арта түсуде.
«Иман сақтауға – қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босамас буын керек», – деген ұлы Абайдың сөзін ұстанымына айналдырған жандардың басым көпшілігі адвокаттар екені анық. Күрмеуі көп, қызығынан қиындығы басым, жұмбақ өмірдің шырғалаң жолдарында адасып жүрген жандар, өкінішке орай, бұл күнде аз емес. Соттың әділ шешімі болып, тағдырлардың бұзылмауына, адамдардың түзу жолдан таймауына қолынан келгенше көмектесіп, әділеттің ақ жолынан айнымай келе жатқан қоғам үшін қажетті мамандық иелері туралы айту – біздің парызымыз.
Қазіргі кезде қандай да бір заң болмасын оған өзгерістер мен толықтырулар жиі енгізіліп тұрады. Қазақстан азаматтарының мүддесін сауатты қорғай алатын, өзгерістерден хабардар білікті адвокаттар туралы Республикалық «Orda.kz» Баспа үйі тұңғыш рет «Қазақстан адвокаттары» – «Адвокаты Казахстана» атты екі тілді жинақ шығарып, заң саласына өлшеусіз үлес қосып жүрген тұлғаларды тарих беттерінде жазып қалдыруды мақсат етуде.