Шыңға шығар шынарлар
Бала тәрбиесі – ұлт болашағы. Егеменді еліміздің ертеңгі болашағы жас ұрпақ тәрбиесімен тығыз байланысты. Бала – басты байлығымыз, отбасының мызғымас тірегі, ертеңге деген сенімінің кепілі. Ұрпақты ұлттың жалғасы деп қараған даналарымыз өзге жұрттан ұрпақ тәрбиесіне деген ынта-ықыласы мен ниеті арқылы озық тұр.
Қазіргі уақыт талабы жаңаша дүниелік көзқарас тұрғысынан жаңаша ойлап, шешім қабылдай алатын, креативті ойлау қабілеті дамыған тұлғаны, өз елі мен жерінің, туған тілінің жанашырын дайындауды міндеттеп отыр. Бұл міндет жаңа уақыт талаптарына төтеп бере алатын, кәсіби білікті, бәсекеге барынша қабілетті, ұлтжанды азамат тәрбиелеу ісінің өзектілігін алға тартады. Қазақ елінің әлемдік кеңістікте өз жолын таңдауы – әрбір қазақтың емін-еркін өмір сүруінің, жарқын болашағымыздың кепілі.
ХХІ ғасырдың жастары жаңашылдыққа бейім екендігі мәлім. Күннен-күнге жетіліп, өздерін жаңа қырларынан көрсетіп дамып келеді. Қазіргі уақыт адамзат биігін білекпен емес, біліммен бағындырудың заманы. Бүгінгі жас ұрпақ мұны анық сезініп, білім бұлағынан молынан сусындауға зейін қоюда. Жастар өз күш-жігерлерін, білімдерін тәуелсіз елінің гүлденуіне жұмсамақ.
Мемлекет тарапынан жасалынып жатқан бар мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға әрбір жастың өз ұмтылысы болуы тиіс. Қазіргі таңда білуге құмар, әуесқой, көп оқыған, мақсатқа ұмтылатын, тез тіл табысатын, белсенді, жігерлі, құндылықтарды ұстанатын, дербес, іскер, батыл, ойлауға бейім, шығармашыл жастар легі өсіп келе жатқаны қуантады. Жалынды жастар алдындағы аға ұрпаққа, «жастықтың аты арындап, тас қияға өрлеуге» дайын екендіктерін көрсетуде.
Республикалық «Orda.kz» Баспа үйі Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) кіретін мемлекеттермен (Ресей, Қырғызстан, Белорусь, Армения) біріге отырып, ата-анасының, ұстаздарының, оқу ордасының ғана емес, күллі Қазақ елінің мақтанышына айналған дарынды ұл-қыздарымыз жайлы «Покорители вершин» – «Conquerors of peaks» атты екі тілді Халықаралық энциклопедиялық жинақты қалың оқырманға ұсынады. Біз энциклопедиямыз арқылы әлемнің әміршісі атанатын келешек жастардың келбеті туралы ЕАЭО жобасы аясында баяндап бергіміз келеді.