ru kz

Золотая книга Орды

         

    Қасиетті Сырдария өзенін бойлай қоныстанған қазақы өңір өркениет пен мәдениеттің негізгі тамыры, ошағы болды. Тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан сан ғасырлық тарихы бар Ақмешіт талай алыптардың, жаулаушылар мен саудагерлердің, сан мың қол әскердің жүріп өткен тарихи орны ретінде тарихта қалды. Ұлы Жібек жолы да осы Сырдың үстімен өтетін болған.
    Тұлпарлар дүбірлеп өткен, атадан балаға жеткен қасиетті аймақта парсы патшасының әскери керуені өтіп, массагеттерді жаулаған. Жеңіске құмар Александр патша әскерін осы аймақтың үстімен алып өтіп, Үндістанға тұрақтап еді. Ұлы жаулаушы Шыңғыс хан мен Темірлан әскерінің озбырлығын ішке бүгіп жатқан дала бұл. Бертін келе Арал аймағы арқылы оңтүстік-шығыс Қазақстанға хандықтың негізін қалаған Керей мен Жәнібек өзімен бірге жаңа тұрақ іздеген рухани тәуелсіз көшті (немесе қазақтарды, сол кезде орталық басқару билікке бағынғысы келмеген және туысқандық дәстүрді сақтағандарды солай атаған) ала өтті. Мұнда Түркістанмен қатар көшпенді қазақ мемлекетінің астанасы болған, қазақ хандарының бас қосқан мекені Сығанақ орналасты.
    Ақмешіт қорғаны Перовскіге айналғаннан кейін ұзақ уақыт бойы орыс әскерінің тұрағы әрі пункті болды. Қарқынды революция екпіні Қызылорда жерін де айналып өтпеді. Мұнда Қазақстан шекарасындағы кеңес билігі алғаш орнады. Себебі, елдегі қазақылығы бетіне шығып қаймақ болған, ұлттық ғұрып, салт-дәстүрді берік ұстанған халықтың басым көпшілігі сұлу Сырдың бойын жайлаған еді. Ермін деген ерлер де осында туған. Кеңестік Қазақстанның 4 жыл бойы астанасы болған Ақмешіт елін сүйген ұлдардың, арыстар мен асылдардың шоғырланған мекені болатын. Самарқандты билеген Жалаңтөс те, батырлардың алыбы Жанқожа да, бертін келе ел жастарының басын көтеріп, алға сүйреген Ғани да, алты Алашқа ортақ ұл бола білген Шоқайдың ұлы Мұстафа да осы Сыр топырағына аунап өскен тұлғалар. Демек, бас көтерген қазақтың басын алып отырған Қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған сәттегі қаһары алдымен Алаштың алғашқы астанасының жұртшылығына бағытталды деген сөз.
    Халықты өркениетпен жалғаған алтын көпірге айналған алып шаһар мәдениеттің мәйегі болып қала бермек. Сондықтан мұнда асылдың сынығы, алыптың ұрпағы, таланты тас жаратын азаматтар өмірге келген. Әлі де туа бермек. Мәдениет пен өркениеттің тоғысқан аймағында бұл күнде елдің даңқын паш етер ұл мен қыз жетерлік. Тауы жоқ жерде төбешіктей аналар дүниеге таудай ұлдар әкелген асыл аймақтың мақтаны болар талай ұрпақ бас көтерері анық.
    Екі ғасырға жуық тарихы бар Қызылорданың 195 жылдығы өзгелерге қарағанда көп уақыт емес. Дегенмен, аз ғана уақыт көшінің арасында ел тарихына алтын әріптермен жазылар түрлі оқиғалар орын алды. Тіпті бір ғана Арал өңірінің өзінде талай сырды ішіне бүгіп, үнсіз меңіреу дала жатыр.
    Тарих бір орнында тұрмайды. Оны жасайтын адам. Бүгінгі күн ертең тарих қойнауынан табылар алтын уақыт. Сырдария жұртшылығы сол тарихтың тек бақылаушысы емес, руханият пен мәдениеттің бай мұрасын иеленген тарихи мекеннің тұрғындары. Бұл жерде Қазақияны бүкіл әлемге танытқан тарлан таланттар көп. Жас әншілері қазақ әнін шырқап, мұхит асып, кәрі құрлықтың өзінде шетелдіктердің жанарынан жас тамшылатты. Спорты екі бастан әлемді мойындатқан Қызылорда бір ғана Илья Ильиннің өзімен Қазақстанды алға сүйреп келеді. Тарих беттерін парақтағаннан бастап алдына биік мақсат қойған таудай ұлдардың басым көпшілігі біздің аймақтан шыққаны мәлім екеніне көз жеткіземіз. Түптеп келгенде Қызылорда қақпақ жауырын, апайтөс балуандардың да, қалың қолды жарып өтіп, жаудың бетін қайтарар батыр-баһадүрлердің де, елді тура жолда жарқын болашаққа сүйрер іскер басшылардың да түп қазығы, кіндік қаны тамған жері.
    Бұл еңбекті біз Қызылорда халқының мақтан етер тұлғаларын, ел дамуына сүбелі үлес қосқан асыл жұрттың сынығын халыққа насихаттау мақсатында шығарып отырмыз. Кітапқа енген әрбір адамның киелі Сыр өңіріне қосқан қомақты үлесі бар. Елім деген ерді елге таныту біздің парызымыз деп ұқтық. Ендеше, өзіңіздің мақтаныңызға айналған жерлесіңіздің тумысы бөлек тұлғасы хақында осы баспа құралынан жетік біле аласыз.

 
 
13 шілде 2017 г. 6 374