ru kz

Қазақстанның 30 үздік ер-азаматтары

Ерлердің ісі бітер ме?!
 
 Ереуіл атқа ер салмай,
 Егеулі найза қолға алмай,
 Еңку-еңку жер шалмай,
 Ерлердің ісі бітер ме?!


Махамбет Өтемісұлы

      Тұлпардың шабысын додада байқайтын қазақпыз ғой. Өмір аламанында алдына жан салмай, діттеген мақсат, межелі мұратқа жету үшін, маңдай терін төгіп жүрген талай тарлан бар. Кәсіпті нөлден бастаған да, бүгінде өзі басқарып отырған мекеменің табалдырығын күзетші боп аттаған азаматтар да – біз өмір сүріп жатқан қоғамның белді мүшелері.Олар барлық сатыдан сүрінбей өтіп, өз армандарына қол жеткізді.Олар көлденең келген мәселенің шешімін жылдам әрі тиімді таба білді.Оларға қандай мақтау айтсаңыз да лайықты.
      Олар – «Қазақстан мұрагерлері» кітабының кейіпкерлері.Ерін «қорғаным, азаматым» деп ұғатын қазақ әйелдері де ерлердің сеніміне махаббатпен жауап бере білді. Әрбір азаматты биікке көтеріп, үздіктердің үздігі атануына жігер, қайрат берген, намысын жанып, қайрап берген де осы – сезім мен сенім.Зере әжеміз Құнанбайды дәретсіз емізбеген. Абайды да сондай ұлағатты тәрбиемен баулыған. Ұлылықтың ұшан-теңіз шексіз қиырында, Алтай мен Атырау арасын мекен еткен дана ұлттың бүгінгі көшбасшылары – елді ешкімнен кем етпеу жолында білек сыбанған. Олар – әр саланың бел ортасында жүрсе де, қаймана қазақтың қамы үшін, жалғыз атын сойып беруден тайынбайтын тұлғалар. Баспа үйінің өзіндік ерекше бастамасы – қазақы қазықтың, көшбасшылықтың үлгісіне айналған Алаштың ұлдарын қалың елге таныстыру. Бұл жобаның басты мақсаты – ел болашағы үшін белін бекем буған ер еңбегінің еленуіне жол салу.
      Әрбір үйде май шамның сәулесі ғана сығалап түсіп тұратын кезеңдерде, «әкең келсін» деп асты отағасынсыз бастамайтын, «әкең біліп қоймасын» деп, баланың шалыс қадамын елеусіз тастамайтын ұлттық болмыстың ұлы қырларын бойымызға сіңіріп, ерлердің мерейін асырып, абыройын тасытып, рухани қолдауы болған бұл кітап – қазақтың бүгінгі батырларының еңбегімен таныстырмақ.
      Олай болса, қолыңыздағы кітапты бірге парақтайық! Өйткені, дәл мұндай кітап бұрын-сонды болмаған, оқырман. Іске сәт!
«Эдельвейс» баспа үйі
«Orda.kz» баспа үйі
02 наурыз 2021 г. 2 361