Представители власти Казахстана
«Orda.kz» баспа үйі құрылған күннен бастап кітаптар мен журналдарды жарыққа шығарып, халыққа танымал болғанын мақтанышпен айта аламыз. Елімізге танымал қоғам қайраткерлері, өз саласының майталман мамандары, белгілі бір салада жетістікке жеткен кәсіпкерлер, қарапайым еңбек адамдары, таңғажайып тағдыры бар отбасылар, талантты өнер жұлдыздары – біздің басылымның басты кейіпкерлері атанып жүр. Біздің оқырмандарымыздың қатары күн санап артып келеді.
«Қазақстанның билік келбеті» деп аталатын республикалық жаңа жинағымыз қазақ және орыс тілдерінде қалың оқырманға ұсынылмақшы. 2019 жыл – «Жастар жылы» болып жарияланды. Бүгінгі жаңа қоғам мүддесіне лайықты жан-жақты жетілген, заман талабына сай білімді, ертеңгі қоғам иегері боларлық парасатты азамат тәрбиелеп өсіру – баршамыздың парызымыз.
Біздің мақсатымыз – әрқашан жоғары біліктілік пен әділдік, адалдық үлгісін көрсеткен, өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып, адал қызметті серік еткен, билік басындағы тұлғалар жайлы жазу. Олардың халыққа жасап жүрген қызметі мен игі істерін жастарға үлгі-өнеге ету арқылы өскелең ұрпақтың дүниетанымын қалыптастыру, ақпараттық-саяси мәдениетін көтеру.
Сізге білімі мен білігін ұлы Қазақ елін дамытуға жұмсап жүрген қоғам қайраткері, ұлт жанашыры ретінде аталмыш кітабымызға шығатын, билік басындағы айтулы азаматтар жайлы мәлімет алуға ықпал етуіңізді сұраймыз. Сындарлы да көреген басшы ретінде бізді қолдайды деп сенім артамыз!