Меркенің мұзбалағы
Өмір еңбексіз ештеңе бермейді. Ерікті, саналы еңбек қана пендені бақытқа жетелейді. Үлкен қиындықтарсыз үлкен істер болмайтыны секілді, игі істердің барлығы үлкен жүректі адамдарсыз іске аспайды. Тығырықтан тұғырға тұрақтап қалу да мұзжарғыш тіршілік иесінің қолынан ғана келетіні анық. Құлдырауда құзға өрмелеуді басты меже еткен жандар қашанда ардақтауға лайық.
Алмағайып заман өрісінде қалың елдің қамын жеке басынан артық қойып, балаққа жармасқан тоқырауды сілкіп тастап, күн шуағына жүзі шағылысқан алдаспандай ел көгіне жарқырап шыға келген сом тұлғалы азаматтар болды. Сондай кісілердің бірі де, бірегейі Меркедегі «Мерке-Ет» ет комбинатының негізін қалаған – Егембердиев Елубай Шәріпқұлұлы.
Бүгінде тегінде бар тектілікті әкесінен баласына, немересіне дейін үзбей жалғап, ұрпақ сабақтастығын сақтап қалған Елубай Егембердиевтің өрге бастаған әрекеті оқырманға ерекше әсер сыйлайды. Қиын-қыстауда тобырдан дараланып, түпнегізі қаланған «Мерке-Ет» комбинаты бұл күндері нарықтың көшіне ілесіп, ел экономикасына елеулі үлес қосып келеді.
Жанрлық тұрғыда портреттік очерк түрінде жазылған кітапта өтпелі кезеңдегі «Мерке-Ет» комбинатының шашауын шығармай қаз-қалпында ұстап қалған нар тұлғалы – Елубай Шәріпқұлұлының ерен еңбегі тарихи оқиғаларға негізделіп жазылған.
Шығарманың идеясы – түртпектеу көрсе де налымаған, соңына дейін күресе білетін, айқайлап айтпаса да жасаған ісі менмұндалап тұратын жақсы адамдардың, қай заманда да болатындығын дәлелдеу. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан қазақы дәстүрді қадірлеуге, әке, ана, баба сөзін ардақтауға шақырады. Келешек ұрпақ қамы үшін даңғыл жол салып, артында өшпестей із қалдырған арда азаматтың өмір жолы, комбинаттың құрылуы, қиындықтармен күресі, оны қалай сақтап қалғаны, ел игілігіне пайдалануға берілуі, мақсат-армандары мен еңбек жолы, табанды еңбегі, тұлғалық болмысы небір психологиялық ерекшеліктермен анық көрсетілген. Басты кейіпкердің мыңмен жалғыз алысып, нарықтың шырмауында қалған қиын кезеңдері, қараның емес қалың елдің қамын ойлап, аяқтан шалушылардың әрекеті шымбайына батса да, жігер туын жықпаған атпал азаматтың еңбектегі ерен ерлігі көркем образдар арқылы баяндалады.
Сондай-ақ, республикадағы 56 ет комбинатының орны да қалмаған кезде, алып кәсіпорынды сақтап қалуға тырысқан Елубайдың, ауылдағы тыныш өмірін тәрк ете, ел тізгінін ұстаған ардақтылармен кездесуі, белгілі батыр ескерткішін салдырту жолындағы жанқиярлық әрекеті, шығармада ешбір боямасыз суреттеліп, көркем тілмен айшықты өрнектелген.
Кітап – жалпы оқырман қауымға арналған әдеби-көркем туынды. Шынайы жағдайлар мен өмірде басты кейіпкермен аралас-құралас болған кісілердің айтқан естеліктері бойынша жазылды. Кейіпкерлердің есімі өзгертілмей, шынайы бейнесі сол қалпында берілген.
Кейінгі ұрпақ аға-буынның өздері үшін қандай іс жасап кеткенін білуі керек. Ешқандай төлем өтей алмайтын еңбектің ащы терінің құнын жас буынның білмеуі – тарихқа жасалған қиянат. Алтыннан тұғыр орнатқатқанмен құдіретін ұғынып, болмысын толық аша алмайтын ерекше ел ағасы туралы жазылған туынды шиеленіске толы өмір ырғағына бейімделген, шығарма желісі оқырманын бірден баурап алады. Құдды бір көз алдыңнан кино лентасы жүріп өткендей ұмытылмас естелік қалдырары сөзсіз.
Ұсынылып отырған шығармашылық еңбек республикалық деңгейде осы кезге дейін талай кітаптар мен журналдардың сәтті шығуына еңбек сіңірген алдыңғы қатарлы «Orda.kz» баспа үйі ұжымының туындысы.
Желісі көркем де қилы тағдыр иесіне бағытталған «Меркенің мұзбалағы» атты кітапқа қаншама уақыттан бері аталған баспа үйінің басшылары Мира Райымбек, Нәдір Қаракөздің жетекшілік етуімен, Гүлнәр Қабденқызы, Алдияр Алдажарұлы, Шапағат Сердәліқызы, Махсетов Бағдәулет сынды қызметкерлері маңдай терін төкті. Күні-түні шығармашылық қаламгер иелерінің шабытты ізденістерінің нәтижесінде қалың оқырманға жол тартты.